Әзербайжан Кавказдағы ең ірі жел электр станциясын іске қосты

402

Жобаға Сауд Арабиясы мен Қытай компаниялары қатысқан. 

Әзербайжан Кавказдағы ең ірі жел электр станциясын іске қосты Фото: president.az

Бакуде Сауд Арабиясының ACWA Power және Қытайдың PowerChina компанияларының қатысуымен салынған қуаты 240 мегаватттық "Хызы-Абшерон" жел электр станциясын ресми іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жаңартылатын энергия көздерін дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба елдің энергетикалық жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі.

Президент жобаның инвесторы ACWA Power компаниясына, бас мердігер PowerChina-ға және отандық энергетиктерге алғыс білдірді.

Жел электр станциясы Абшерон және Хизи аудандарының аумағында салынған. Мұнда қуаты 6,5 МВт болатын 37 жел турбинасы орнатылған. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 340 млн АҚШ долларын құрайды. Станция жылына 1 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл жыл сайын 220 млн текше метр табиғи газдыүнемдеуге және 400 мың тоннадан астам көмірқышқыл газының ауаға таралуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Ильхам Әлиевтің мәліметінше, соңғы 20 жылда Әзербайжанның генерациялық қуаты үш есеге жуық өсіп, 10 ГВт-қа жеткен. 2030 жылға қарай 6 ГВт, ал 2032 жылға қарай 8 ГВт жел және күн электр станцияларын іске қосу жоспарланған.

Сауд Арабиясы Энергетика министрінің орынбасары Нассер әл-Кахтани бұл жобаны екі ел арасындағы "жасыл" энергетика саласындағы стратегиялық серіктестіктің үлгісі деп атады. Ал Қытайдың Әзербайжандағы елшісі Лу Мэй станцияның Кавказ аймағындағы ең ірі жел жобасы екенін және 300 мыңнан астам үй шаруашылығын электр энергиясымен қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу