Әзірбайжан "Экспо-2017" көрмесіне жан-жақты әзірленіп жатыр

903

Әзірбайжан "Экспо-2017" көрмесіне жан-жақты әзірленіп жатыр

Әзірбайжанда "Экспо-2017" халықаралық көрмесіне қатысуға дайындық белсенді жүріп жатыр. Ресми Баку әлемдік шарада дәстүрлі энергия ресурстарымен қоса жасыл энергия саласындағы жетістіктерін паш етпек, деп хабарлады Хабар 24.kz.

Қазір павильонды безендіру жұмыстары басталып кетті. "Өткен күннен болашаққа берілетін энергия". 10 маусым күні Астанада басталатын "Экспо-2017" халықаралық көрмесіне Әзірбайжан осындай ұранмен қатысады. Ел билігі жаңғырылатын энергия өндірісін арттыруға және болашақта оны экспорттауға ұмтылып отыр. Сондықтан мамандар көрмеде бар мүмкіндігін көрсетпек.

"Әзірбайжан жаңғыртылатын энергия көздерін қолдану саласында айтарлықтай жетістікке жеткен. Сондықтан бұл көрмеге жан-жақты дайындықпен келеді. Шара барысында дәл осы тұрақты энергияның дамуы туралы арнайы түсірілген бейнебаян көрсетіледі. Онда Әзірбайжан жеріндегі энергия өндірісінің даму тарихы бастан-аяқ бүге-шүгесіне дейін баяндалады", - деді Баламалы энергия жөнінен мемлекеттік агенттік төрағасының орынбасары Жамиль Маликов.

Әзірбайжан тарапы "Экспо" көрмесіне қатысатынын 2015 жылы растап қойған болатын. Жуырда елдің ұлттық павильоны тапсырылып, оны безендіру жұмыстары басталып кетті. Мамандар бұл жаһандық алаң елдің жасыл энергия саласындағы көсегесін көгертеді деп санайды.

"Мұндай ірі шараны өткізу аймақта жасыл энергияның тез таралып отырғанын көрсетеді. Каспий аймағы елдері дәстүрлі энергияны пайдаланып келеді. Сол себепті баламалы қуат көзін дамыту, жаңа технологияларды пайдалану өте маңызды. Бұл тұрғыда Астанада өтетін әлемдік шара – энергияны дәстүрлі жолмен өндіретін елдер үшін таптырмас алаң. Бұл екі ел үшін баламалы энергия саласында бірлескен жобаларды іске асыруға жол ашады. Көрмеге қатысушылар өз елінің мәдени жетістіктерін де паш етеді. Ауқымды шара аясында 9 шілдеде Әзірбайжанның ұлттық күнін өткізу жоспарда бар. 400 шаршы метрден астам жерге орналасқан павильон концепциясы ұлттық құндылықтарды және болашақ энергия саласындағы жетістікке негізделген", - деді мұнай зерттеулері орталығының жетекшісі Ильхам Шабан. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу