Өткен демалыс күндері аяқталған ел чемпионатында топ жарған "Алтай" волейболшылары енді сәл үзілістен кейін клубтық Азия біріншілігіне дайындықтарын бастайды, деп хабарлайды
Еске салайық, өткен жексенбі күні Талдықорған қаласында волейболдан ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жеткен болатын. Біріншіліктің финалдық сериясында үш ойынның қорытындысы бойынша жергілікті "Жетісуды" 2:1 есебімен тізе бүктірген Өскеменнің "Алтайы" төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атағына қол жеткізді.
Жоғарыда айтқанымыздай, енді ел чемпиондары сәл тынығып алып, сәуірдің 27-сі мен мамырдың 5-і аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін клубтық Азия чемпионатына әзірліктерін бастамақ.
Естеріңізде болса, 2017 және 2018 жылдары бұл дода Өскеменде өтіп, "Алтай" волейболшылары екі жарысты да төртінші орында аяқтаған-ды.
Ал биылғы бәсекеде олар А тобында өнер көрсетеді. Бұл топқа біздің волейболшылардан бөлек, жарыстың басты фавориттерінің бірі – жергілікті "Тяньцзинь Бохай Банк" командасы мен Иран, Гонконг және Қытайлық Тайбэй чемпиондары түсіпті.