Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрестен еліміздің 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасынан екі балуан финалға шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. Олар Саят Әбдуали (44 келі) мен Бекасыл Асамбек (52 келі).
Жарыстың үшінші күнінде еркін күрестен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер сынға түсті. Олардың арасынан қазақстандық екі балуан финалға жолдама алды.
"Енді олар елорда уақытымен 21:00-де басталатын финалдық белдесуде бас жүлдені сарапқа салады. Саят Әбдуали ирандық Кейван Аршадгасабсараймен кездессе, Бекасыл Асамбек жапон Тайга Хибариномен күш сынасады", - деді Қазақстан күрес федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Аспандияр Есенжолов.