5 мамырда Астана қаласында инвестициялар және даму министрлігі, Азия даму банкі және Kazakhstan Project Preparation Fund өкілдері "Оңтүстік Қазақстан облысының автокөлік жолдарының құрылысы мен қолдануы" концессиялық жобасы бойынша техникалық әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ИДМ баспасөз қызметі.
Салтанатты рәсімге инвестциялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капанелли және Kazakhstan Project Preparation Fund" ЖШС басқарма төрағасы Әділ Үтембаев қатысты.
Меморандум аясында Азия даму банкі "Kazakhstan Project Preparation Fund" ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылып отырған концессиялық жобаның конкурстық құжаттамаларын дайындау жұмысына халықаралық кеңесшілерді тартуға қажет қаржылай көмек көрсетеді. Банк сондай-ақ Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуетті дамытуға жәрдемдеседі. Атап айтса, қазақстандық мамандарды қаржылық және көліктік модельдеу ісіне оқыту бойынша.
Меморандумға сәйкес берілетін грант көлемі 1,8 миллион АҚШ долларын құрап отыр.
"Оңтүстік Қазақстан облысының автокөлік жолдарының құрылысы мен қолдануы" концессиялық жобасы Шымкент пен Сарыағаш қалаларын айналып өтетін төрт жолақты жол салуды және оны концессионерге қолданысқа беруді қарастырады. Сонымен бірге бірыңғай транзиттік дәліз құру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының аталмыш айналып өту жолдарын біріктіретін қолданыстағы жолдарды басқаруды концессионерге беру қаралған.
Жоба құрамына Шымкент қаласының Солтүстік (36 км) және Оңтүстік-Батыс (56 км) айналып өту жолдары, Сарыағаш қаласын айналып өту жолы (48 км), Шымкент-Ташкент (72 км) а/ж, Жизақ-Сарыағаш-Жібек жолы (42 км) кіреді. Жобаны дайындау кезеңінде Шымкент қаласының Оңтүстік-Батыс айналып өту жолы (56 км), Сарыағаш қаласын айналып өту жолы (48 км), ұзындығы 42 шақырым Жизақ-Сарыағаш-Жібек жолы а/ж қайта құрылады. Болжамды құны - 100 млрд. теңге. Қолданысқа беру кезеңінде күтіп ұстау және техникалық қызмет көрсету жұмыстарымен барлық 254 км жол қамтылатын болады. Осы жұмыстарға 10 жылдың ішінде 50 млрдтеңге қаржы құйылады.
Ағымдағы жылы Сарыағаш қаласын айналып өту жолының ТЭН-ін мемлекеттік сараптамасын алып дайындау жоспарланған. Сондай-ақ биыл конкурстың құжаттамасын әзірлеу және оған МЖӘ-ң сараптамасын алу көзделген.
2018 жылғы 4 тоқсанда конкурсты жариялау жоспарланып отыр.