Азия даму банкі Қазақстанға 240 млн долларға жуық қарыз бермек

563

Азия даму банкі Қазақстанға 240 млн долларға жуық қарыз бермек

Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімге сәйкес, банк Қазақстанға 299 км автожол учаскесін қайта жаңартуға 240 млн 300 мың доллар қарыз береді. Мұны парламент мәжілісінің пленарлы отырысында "Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасымен таныстыру барысында инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды strategy2050.kz.

"Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 11 жобаны (Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Атырау арқылы Астраханьға шыға отырып Астана – Ақтау, Алматы – Өскемен, Қызылорда – Павлодар, Астана – Петропавл, Жетібай – Жаңаөзен, Астананың оңтүстік-батыс айналма жолы, Орал – Каменка) іске асыру көзделіп отыр. Оның бір бөлігін халықаралық қаржы институттарының қарызға берген қаражаты есебінен 1,8 млрд долларға іске асыру жоспарланып отыр", – дейді министр.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, "Ақтөбе – Мақат" автожолын қайта жаңарту жобасы 2 учаскеге бөлінген, оның 299 шақырымын Азия даму банкінің және 156 км бөлігін Ислам даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландыру жоспарланған.

"Осы қаражатты Ақтөбе және Мақат елдімекендері арасындағы 299 км екі жолақты қозғалысы бар екінші техникалық санаттағы автожолды жобалық қайта жаңартуға бағыттау жоспарланып отыр. Учаскеде 11 көпір, 40-қа жуық құбыр салу жоспарланған. Жобаны іске асыру мерзімі – 2017-2021 жылдар", – деп нақтылады ведомство басшысы.

Азия даму банкімен 240 млн долларға қарыз алу келісіміне 2016 жылдың 7 желтоқсанында қол қойылғанын айта кету керек. Қарыз 18 жылға беріледі.

"Ақтөбе – Мақат" учаскесін қайта жаңарту мемлекетаралық және сауда қарым-қатынасын кеңейту мен тереңдетуге, Каспий маңы өңірінің Қытай, Ресей нарықтарына және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне шығуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу