Азия даму банкі Қазақстанға 3 миллиард доллардан аса қаржы салмақ

1046

Азия даму банкі Қазақстанға 3 миллиард доллардан аса қаржы салмақ

Азия даму банкі Қазақстанға 3 млрд доллардан астам қаржы салатын болды. 2021 жылға дейінгі жоспар бойынша, қаржы экономиканы әртараптандыру үшін және инклюзивті дамытатын шараларды қолдауға жұмсалады, деп хабарлайды ortcom.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда ҚР ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту департаментінің директоры Нұрым Аязбаев аталған банкпен Қазақстан арасындағы 2017-2021 жылдардағы әріптестіктің жаңа стратегиясын таныстырды.

Қазақстан АДБ-мен 1994 жылдан бері серіктес. Банк ауылшаруашылығы және ирригация, қаржы, көлік, сумен жабдықтау және суды бұру сияқты салаларда жобаларды жүзеге асыру үшін егемен және егемен емес қаржыландыру түрін ұсынады.

Спикердің айтуынша, АДБ стратегиясы 5 жылдық кезең ішінде Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға жәрдемдесуді көздейді. Банктың негізгі қызметі инфрақұрылымды дамыту, басқару және институттардың тиімділігін арттыру, жұмыс орындарын ашу, технологиялық инновацияларды қаржыландыру. Ал Қазақстан үшін, экономикалық және әлеуметтік прогресіне ықпал ететін басты факторларды ілгерілетуді назарында ұстайтын болады. Сонымен қатар, Нұрым Аязбаев "Азия Даму банкінің" Қазақстанмен ынтымақтасатын үш саласы туралы айтып өтті. Олар:

- жеке секторды қаржыландыру мен дамуын ынталандыруға қолжетімділікті жеңілдету арқылы     экономикалық әртараптандырудың негізіндерін нығайту;
- инклюзивтік дамуды қолдау мен инфрақұрылымдық кедергілерді жою арқылы теңсіздікті төмендету және қызмет көрсетуді қолдау;
- климаттың өзгеруі аясында энергия тиімділігін арттыру, жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту және климаттың өзгеру салдарын жеңілдету мен бейімделу бойынша шараларды қолдау арқылы орнықты, жасыл өсуге жәрдемдесу.

Сонымен қатар, баспасөз конференцияға қатысқан Азия Даму Банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капаннелли "Қазақстан жаһандық экономикалық сын-тегеуріндерді еңсеру мен сыртқы факторларға неғұрлым орнықты және әртараптандырылған экономиканы құру үшін күш салуда", – деп атап өтті.

Азия Даму Банкінің штаб-пәтері Манилада орналасқан АДБ-ның миссиясы – инклюзивті экономикалық және экологиялық орнықты, сондай-ақ өңірлік ықпалдасу арқылы Азия-Тынық мұхиты өңірінде кедейлікті қысқарту. 1966 жылы құрылған АДБ Азияны дамытудағы серіктестіктің 50 жылдығын атап өтеді. Банктің акционерлері – 67 ел, олардың 48-і Азия-Тынық мұхиты өңірінде орналасқан. 2016 жылы АДБ-ның жалпы көмек көлемі бірлесіп қаржыландырудың 14 млрд АҚШ доллары мөлшерін қоса алғанда, 31,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу