Азия Даму банкі 2021 жылға дейін Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция тартады. Бұл туралы Азия Даму банкінің Орталық және Батыс Азиядағы қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстар мен ауыл шаруашылығы департаментінің директоры Акмал Сиддик "AgroInvest Forum 2017" Агроөндірістік инвестициялық форумында мәлімдеді, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Акмал Сиддик айтып өткендей, 1994 жылдан бастап АДБ Қазақстанға 5 млрд доллар инвестициялады.
"Азия Даму банкі тек агроөндірістік кешен саласында ғана емес, энергетика, жол салу саласында да жұмыс істеді. АДБ 1994 жылдан бастап, Қазақстанға 5 млрд доллар инвестициялады, ол 2021 жылға дейін инвестиция құюды арттырмақ. Біздің аграрлық саладағы басымдықтар Үкімет бағыттарымен сай келеді, АӨК инфрақұрылымына тоқталсақ деп едік, сол кезде барлық ойыншылар қамтылады. Әлемде, мәселен, Жапония, Еуропа мен Қытайда агроөндірістік кешен Үкіметтің қолдауынсыз дамымас еді. Үкіметтің барлық құралы аталмыш секторға қолдау көрсетуі өте маңызды. Жеке сектор өзінен-өзі инвестиция тарта алмайды. Бұл орайда Азия банкі бастама жасап, серпін бере алады. Біз Алматы облысында осыны жүзеге асырдық", - деді Акмал Сиддик.
Спикер айтып өткендей, Қазақстанның АӨК саласына инвестициялайтын барлық мүмкіндігі бар.
"АӨК – барлық сала үшін маңызды сала. Инфрақұрылым – басты бағыт, онсыз агроөндірістік кешенді дамыту мүмкін емес. Сауданың да маңыздылығы жоғары. Қазақстандық сауданы өзге елдермен салыстыруға болады. Біз агромәдени саланы дамытуды бастай аламыз. Ол маркетинг саласында интеграцияны жүзеге асырады. Біз ҚазАгро-мен жұмыс істегіміз келеді", - деді ол.
Форум қорытындысы бойынша, Азия Даму Банкі және "ҚазАгро" холдингі" АҚ арасындағы Қазақстанның ауылшаруашылық секторына оның экономикалық әртараптануын қолдауға инвестициялар тарту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум орнатады деп күтілуде.
Осыған дейін премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов форум барысында Қазақстан экспорттық саясатты орталықтандыруға кіріскенін айтты. Қазіргі таңда шетелдік ауыл шаруашылығы компанияларымен бірқатар келісімдер орнатылған.