Азия Даму Банкі (АДБ) Қырғызстанның солтүстігіндегі ауылдық сумен жабдықтау және санитарияны дамыту бағдарламасы үшін $32,35 миллион қосымша қаржыландыруды мақұлдады, деп жазады inbusiness.kz сайты банк хабарламасына сілтеме жасап.
Атап өтілгендей, қосымша қаржыландыру Үкіметке Қырғызстанды дамытудың 2018-2040 жылдарға арналған ұлттық стратегиясы шеңберінде сумен жабдықтау бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік береді, оның мақсаты – елдегі елді мекендердің 95 пайызын ауыз сумен қамтамасыз ету және 2 миллионнан астам ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтау.
Қосымша қаржыландыру Нарын облысында бағдарламаға қатысатындар санын 64-тен 100 мың адамға дейін ұлғайта отырып, оның өрісіе кеңейтуге көмектеседі және бөлек дәретханалармен жабдықталған білім беру және медициналық мекемелердің санын арттырады.
АДБ атап өткендей, бағдарламаның мақсаттарын әзірлеу және оған қол жеткізу кезінде климаттың өзгеруі мәселелері ескеріледі.
"Қырғыз Республикасында су көп болғанымен, ол біркелкі бөлінбеген, әсіресе Нарын облысының ауылдарында тапшылық байқалады. Климаттың өзгеруі мұздықтардың еруін тездететін жағдайларда оған тәуелді аймақтағы судың қолжетімділігіне үлкен қауіп төнеді. Қосымша қолдау климаттың өзгеруінің салдарына төтеп бере алатын инфрақұрылымды құруға көмектеседі және сумен жабдықтау мен санитарияның қауіпсіз әрі сенімді қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді", — деді АДБ Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Евгений Жуков.
Қаржыландыру АДБ-ға мүше кедей әрі ең осал дамушы мемлекеттерге гранттар беретін Азиялық Даму қорынан $27 миллион жеңілдетілген несие мен $5,35 миллион сомасындағы гранттан тұрады. Қырғызстан үкіметінің үлесі 6,45 миллион долларды құрайды.