TSMC-тің нарықтық құны 29,82 трлн жаңа тайвань долларына (шамамен 1,013 трлн АҚШ доллары) жетті. Сарапшылардың айтуынша, мұндай серпіліске инвесторлардың жасанды интеллект дәуірінде компанияның көшбасшылығын сақтай алатынына деген сенімі себеп болған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Goldman Sachs Group сарапшылары TSMC-тің 2025 жылдың екінші тоқсанындағы қаржылық нәтижелері аясында жылдық табыс өсімі бойынша болжамын 30%-ға дейін арттырғанын атап өтті. Бұл компанияның алдыңғы қатарлы технологияларға деген оң көзқарасын көрсетеді. Сонымен қатар, жасанды интеллектке деген сұраныс әлі де бәсеңдеудің ешбір белгісін танытпаған.
2025 жылдың екінші тоқсанында TSMC кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39%-ға өсіп, 933,79 млрд жаңа тайвань долларын (31,7 млрд доллар) құрады. Ал таза пайдасы 61%-ға артып, 398,27 млрд тайвань долларына (13,5 млрд доллар) жетті.
Анықтама:
TSMC – әлемдегі ең ірі жартылай өткізгіш (чип) өндіруші компания. Ол Apple, Nvidia сияқты алпауыт технологиялық компаниялардың басты серіктесі болып табылады.