"Болашақ" бағдарламасының 25 жылдығы шеңберінде Қазақстанда Азиядағы ең ірі International Education Fair 2018 халықаралық білім көрмесі өз жұмысын бастады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесе ұйымдастырған көрме 14-15 қараша күндері Шымкент қаласында, ал 17 қараша күні Алматы қаласында өтеді.
Көрменің негізгі мақсаты - Қазақстан азаматтарының шетелде тегін білім алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру және отандық жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің арасындағы ынтымақтастықты кеңейту болып табылады. Көрмеге 40 елден келген 200-ге жуық университет өкілдері қатыспақ, оның ішінде 60%-ы қазақстандық азаматтар үшін тегін тұратын орын мен стипендия беруге дайын. Кейбір жоғары оқу орындары бір жылдық тіл үйрену курстарынан өту мүмкіндіктерін береді.
Көрме аясында білім беру саласындағы шетелдік сарапшылардың қатысуымен семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, көрме қатысушылары үшін уәждемелік хаттарды және халықаралық тестілеулерді жазу бойынша тәжірибелік шеберлік сыныбы өткізілетін болады.
Іс-шараға АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Жапония, Швейцария, Польша, Венгрия, Испания, Литва, Оңтүстік Корея, Қытай және т.б. еуропалық стандарттары бойынша білім беретін жоғары оқу орындары қатысады.
Айта кеткен жөн, шетелдік жоғары оқу орындары қазақстандықтарға 20 000 білім беру гранттарын ұсынуға дайын. Жоба іске асырылып жатқан 2 жылдың ішінде көрмеге 150 мыңнан астам азамат қатысқан.