Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Full Vision Capital (FVC), Towngas және EcoCeres сияқты азиялық жетекші компаниялар делегациясымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараптар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне инвестиция тарту, экологиялық таза заманауи технологияларды енгізу және қосылған құны жоғары бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Кездесуде техникалық майлы дақылдар негізінде экологиялық авиациялық отын (Sustainable Aviation Fuel – SAF) өндіру жобасына ерекше назар аударылды.
Министр ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамыту мен қосылған құны жоғары өндірістерді қалыптастыру мемлекеттік аграрлық саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
"Бұл жобаларды іске асыру пайдаланылмай жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тартуға, техникалық майлы дақылдардың егіс алқаптарын кеңейтуге, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға және ауылдық аумақтардың дамуына тың серпін беруге жол ашады", – деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ азық-түлікке арналған майларды пайдаланбай, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі қалдықтарын шикізат ретінде пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.
Атап айтқанда, биокөмір (Bio-Char) өндіру және "жасыл" метанол өндірісі саласындағы бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделі екендерін алға тарта отырып, межелі жобалардың техникалық өлшемдерін жан-жақты пысықтау және оларды іске асырудың алдағы нақты қадамдарын айқындау жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.