Беларусь Президенті Александр Лукашенко Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде сөйлеген сөзінде "Азияның уақыты келгенін" атап өтті, деп жазады inbusiness.kz.
"Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өзінің жеңісіне мастанған ұжымдық Батыс жаһандық реттеуші және тұрақтылық кепілі қызметін орындай алмады. Соның зардабын барлық әлем көріп отыр. Біз мұны жақсы түсініп, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде белгілі бір үлесімізді қостық. Беларуссия посткеңестік кеңістіктегі ядролық қаруды иеленуден өз еркімен бас тартқан елдердің бірі болды. Ал біз оның орнына не алдық? Нақты халықаралық құқықтық кепілдіктердің орнына бос, расталмаған декларацияларды алдық. Мысал ретінде Будапешт меморандумын атап өтуге болады... 2020 жылы шетелдік кураторлар көтерілісті ашық түрде басқарды. Дәл осындай сценарий бұрын Украинада да болған. Оның бәрі неге әкелгенін бәріміз де көріп отырмыз. Бақытымызға орай 2022 жылы біз Қазақстанда бейбітшілікті сақтай алдық", – деді Беларусь басшысы.
Лукашенконың айтуынша, бүгінде геосаясат пен қауіпсіздік мәселесі барлық әлемде шиеленісіп тұр. Бұдан бөлек ол өз сөзінде Батыс елдерінің әрекетін сынға алды.
"Біздің жауабымыз біржақты болуы керек. Бұл үшінші дүниежүзілік соғыстың өршу қаупін тудырады, онда жеңімпаздар болмайды. Барлығы ойлануы керек. Себебі қауіпсіздік саласындағы жағдай тек Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде де күрделеніп отыр. Ескі әлемді дүр сілкіндірген қақтығыстар желісі Азияға да жетті. Бітімгершілік қызметтерін ұсынатын Батыс елдері іс жүзінде тек отқа май құйып отыр. Олардың негізгі мақсаты барлығын ұрыстыру, бөлу, нарықтар мен ресурстарға қол жеткізу. Беларусь үлкен Еуразияның бір бөлігі ретінде аймақтағы қазіргі жағдайға бей-жай қарай алмайды... Азияның уақыты келді. Бұл уақытты жіберіп алмау қажет", – деп қорытындылады ол.