"Жұмыстан босатылады": Жүргізуші қарияны автобустан түсіріп, жолға шашылған азық-түлігін басып кеткен

438

Қарағандыда №145 бағыттағы автобустың жүргізушісі қарт жолаушыға дөрекілік танытып, автобустан түсіріп жіберген.

"Жұмыстан босатылады": Жүргізуші қарияны автобустан түсіріп, жолға шашылған азық-түлігін басып кеткен Фото: elsozi.kz / ekaraganda.kz

Оқиға 24 қарашада базар маңында болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші зейнеткердің бірнеше қорап пен сөмке алып мінгеніне наразы болған. Салдарынан қарияның алма мен қызанағы жолға шашылып, автобус пен басқа көліктердің дөңгелегі астында қалған.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушінің дөрекі әрекетінен азық-түлік салынған қаптамалар жыртылған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап, қоғамның наразылығын тудырды.

Полиция 40 жастағы автобус жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жолаушылар мен жүкті тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін оған 21 625 теңге айыппұл салынды. Ал ұсақ бұзақылық бойынша іс материалдары сотқа жолданды. Жүргізуші сот шешімі шыққанға дейін уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.

Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жүргізушінің мұндай әрекетіне жол беруге болмайтынын мәлімдеді. Ол жұмыстан шеттетіліп, кейіннен жұмыстан босатылатыны хабарланды.

№5 автобус паркінде қызметтік тексеріс басталып, бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр. Ал жүргізушінің өзі кінәсін мойындамады. Ол қарияның жүгі тым көлемді болғандықтан, тасымалдаудан бас тартқанын және шашылған азық-түлікті жинауға көмектескенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу