Үкімет әуелі дүкендер мен супермаркеттерде бақылауды күшейтті. Құлақ аспағандар жауапқа тартылып, айыппұл арқалауда. Кейбір кәсіпкерлер тергелу үстінде. Қымбатшылықты қыспаққа алсақ, ахуал оңалар деген үміт бар.
Ал Қарағанды облысында жұмыртқа, орамжапырақ және ас тұзы қымбат. Балқашта әлеуметтік маңызы бар 17 азық-түліктің бағасы өскен. Облыс орталығындағы жағдай да мәз емес. Онда жейтін асқа қатысы бар 16 тауардың құны аспандап кеткен. Жылы жерден жиналыс ашқан аймақ басшысы бағаға қатысты бақылауда күшейтуді тапсырды.
Қостанай әкімі болса бүгін ірі супермаркет басшыларымен меморандумға қол қойды. Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағасын тұрақты ұстап, тауарға 3 пайыздан артық сауда үстемесін қоспау туралы келісімге келді.
Дегенмен бұл 3 пайыз кәсіпкерлер үшін таза пайдасыз қалу деген сөз. Одан түсетін ақша тағамды жеткізудің жол шығыны мен буып-түю, жұмысшылардың жалақасын әрең жабады. Меморондум 3 айға арналған. Екі тарап тоқсан сайын осындай құжатқа қол қойып отырмақшы.