Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz .
"Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Дегенмен, азық-түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп отыр. Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ке өскен, оның ішінде Ақтөбеде, Өскеменде, Семейде, Қызылордада – 0,2%-тен жоғары болды.
Осыған байланысты мына мәселелерге назар аудару қажет. Бірінші, өңір әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасына мониторингті күшейтуі қажет", – деді Премьер-Министр.
Әсіресе, үстеме бағалардың тиісті 15%-тік мөлшерден асып кетпеуін қадағалау керек.
"Әкімдіктерде бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Біз ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға күш салуымыз қажет. Сонымен қатар, тауарларды сақтау және тасымалдау ісіне қолдау көрсетуге тиіспіз. Халық қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көруі керек", – деді Смайылов.