"Азық-түлік корпорациясы" бидайды экспорттаудан бас тартты

962

"Азық-түлік келісімшарты корпорациясы" ұлттық компаниясы жаңа жиналған отандық бидайды экспортқа шығармайтын болды. 

"Азық-түлік корпорациясы" бидайды экспорттаудан бас тартты

Ұлттық компания бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, құс және мал өсірушілерді қолдау үшін резервтегі бидайды ішкі нарықта сатады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ElDala.kz-ке сілтеме жасап. 

Форвардтық келісімшарттар бойынша "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" қазақстандық шаруалардан 738 мың тонна бидайды сатып алуды жоспарлап отыр. 

Сонымен қатар Үкімет оған коммерциялық нарықта 200 мың тонна астықты сатып алуға ақша бөлген.

Осылайша ресурстың жалпы көлемі 938 мың тоннадан асады. Оған қоса, 500 мың тонна сатуға болмайтын азық-түлік қоры бар. Ол табиғи апат және тағы басқа жағдайда биліктің шешімі бойынша пайдаланылады.

Үкімет Астық одағының ұсынысын қабылдаса, "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ресурс қорын тағы 600 мың тоннаға арттыра алады. Бұл трейдердің шетелге жіберетін партияның 10%-ын белгіленген баға бойынша сатып алуды көздейді.

Бүгінде Үкімет түпкілікті шешім қабылдау үшін нарықтағы жағдайды зерттеп жатыр.

Қазақстан Астық одағының ресми өкілі, сарапшы Евгений Карабановтың айтуынша, биыл елде 10,5 млн тонна бидай жиналуы мүмкін.

"Иә, бұл 2020 жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Өткен жылы 13,6 млн тонна бидай жинадық. Алайда жиналған бидай Қазақстанның барлық ішкі қажеттілігін қанағаттандыру да, экспорттық келісімшарттарды орындау үшін де жеткілікті. Мұнда бір ғана мәселе бар, ол – елдегі нан бағасының өсуін тежеу. Біз ұсынған механизм аталған мәселені толық шешеді. Қазақстанның бидай мен ұн бойынша экспорттық әлеуетін 6,1 млн тоннаға бағалаймыз. Осылайша "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" осы көлемнің 10%-ын сатып, бидай қорын 610 мың тоннаға арттырады. Оның жалпы қоры 1,5 млн тоннадан асады. Бұл елдегі наубайханаларға, макарон және құс өсірушілерді арзан астықпен қамтамасыз етуге жеткілікті", – деді сарапшы.

Астық экспорттаушылардың пікірінше, тыйым салу мен шектеу арқылы нарықтық механизмге араласу барлық аграрлық секторға кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экспорттық бажды енгізу ұстанамына қатысты пікір білдіріп, оны енгізудің керегі жоқ екенін атап өтті.

"Қазіргі таңда астық нарығындағы жағдай тұрақты. Сондықтан нарықты құлдыратудың, шектеулер енгізіп, жылдар бойы қалыптасқан сауда байланысын үзудің мәні жоқ", – деді Евгений Карабанов.

Оның пікірінше, астық өндірушілер нарыққа қажет шараларды ұсынып отыр.

"Экспорттық баж салығын енгізу нейрохирургтың қолына бензопила беріп, опеция жаса дегенмен бірдей. Теңгерімді бұзбау үшін әрекетті байқап жасау қажет. Экспорттық баж салығын енгізу экспортта да, ішкі нарықта да бағаны төмендетеді. Бұл ең алдымен фермерлерге кері әсерін тигізеді. Бүгін біз шаруаларға жоғары бағамен шығынын  жабуға мүмкіндік бермесек, екі жылдан кейін дүкен сөрелеріне қоятын өнімді таппай қаламыз, көптеген өндіруші банкротқа ұшырайды. Мұны дұрыс түсінген жөн", – деді ресми өкіл.

Астық одағының болжамынша, "Азық-түлік келісімшарты корпорациясына" экспорттық партиядан астықтың 10%-ын сату барысында 1 тонна бидай 105 мың теңгеге сатылады, ал нарықтағы коммерциялық баға – 120 мың теңге/тонна. Осылайша әрбір тоннадан экспорттаушының шығыны 1,5 мың теңге болады.

Алайда олар саланың болашағы бұлыңғыр болмау үшін әлеуметтік жүктемені көтеруге дайын.

Қазақстанның Астық одағының пікірінше, елде экспорттық баж енгізілсе, Өзбекстан мен Тәжікстан ресейлік бидайды сатып алуы мүмкін. Салдарынан Қазақстан бидайды өткізу нарығынан айрылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу