Қазақстанда жылдық инфляция 7,1 % деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды strategy2050.kz.
"Қазақстанда жылдық инфляция 7,1 % деңгейінде қалыптасты. Жалпы, инфляцияның құрылымында көбіне азық-түлікке жатпайтын заттар қымбаттаған, дәлірек айтсақ олардың құны 8,2% артқан. Ал, азық-түлік өнімдері 7,8%-ға қымбаттады", - деді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.
Жалпы, спикердің айтуынша, инфляциялық процесстер болжамға сәйкес деңгейде болуда.
"Девальвациялық күтулерге келетін болсақ, өсім байқалды. Алайда Ұлттық банктың жүргізген валюталық интервенциясы аясында жағдай бірден тұрақтады. Бұл мақсатта 70 млн теңге жұмсалды. 2017 жылғы қыркүйекте теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 334,29-341,61 теңге аралығында өзгерді. 2017 жылғы қыркүйектің соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 1,2%-ға (жыл басынан бастап 2,4%-ға) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 341,19 теңге болды. Жалпы, жыл басынан бері теңге 0,5 пайызға әлсіреді", - деді ол.