Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев азық-түлік тауары бағасының жылдық өсімі 10,4% құрағанын, бұл 2017 жылдан бергі ең жоғары өсім екенін айтты.
"Төтенше жағдай мен карантин талаптарында тамақ өнімдеріне сұраныстың өсуінен Қазақстандағы жылдық инфляция үдеуін жалғастырды және екі ай қатарынан 2020 жылы 4-6% нысаналы дәлізден асты. Сәуірде инфляция 6,8% деңгейінде қалыптасты. Сауда бойынша серіктес елдерде карантин шаралары енгізіліп, импорт шектелді және ұсыныстың жеткіліксіз болуынан азық-түлік тауарының бағасы бір айда 1,9% өсті. Ал жылдық өсім 10,4% жетті.
Бұл - 2017 жылдан бергі ең жоғары өсім", – деді Ерболат Досаев.
Ұлттық банк төрағасының сөзінше, сәуірде жеміс пен көкөніс – 5,6%, қант – 6,2%, жарма 3,4% қымбаттады.
"Сауда және сервис объектілері қызметінің тоқтатылуына байланысты азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызмет бағасының өсуі де алдыңғы айдың деңгейінде сақталып отыр. Азық-түлікке жатпайтын тауар бағасы жылдық мәнде 5,4% өсті. Ұлттық валютаның әлсіреуіне байланысты дәрі-дәрмек пен жеке қолданыстағы тауарлар сияқты жекелеген тауар бағасының өсуі жанар-жағармай бағасының төмендеуімен реттелді. Ақылы қызмет бағасының жылдық өсуі 3,5% деңгейінде сақталды", – деді Ерболат Досаев.
Қанат Махамбет