Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 62,5 млрд теңгеге жетті. Жылдық өсім – 15,9%. Ал нақты өсім 13,4% болды, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.
Республика бойынша тамақ өнеркәсібіне салынған инвестициялардың басым бөлігі Алматы облысында тіркелді: 15,6 млрд теңге.
Үздік бестікке Солтүстік Қазақстан (14,1 млрд теңге), Ақмола (5,1 млрд теңге), Түркістан (4,5 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан (4,1 млрд теңге) облыстары енді. Сектордағы ең аз инвестиция Маңғыстау облысында: 27,9 млн теңге.
Инвестициялық портфельдің жартысы (52,7%) компаниялардың өз қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Мұндай салымдардың көлемі бір жылда 11,6%-ға өсіп, 32,9 млрд теңге болды.
Банк несиелері есебінен салынған инвестициялар 16,3%-ға қысқарды, ал банктік емес қарыз қаражаты есебінен құйылған инвестициялар бір жылда 3,8 есе өсті.