Азық-түлік тауарларының бағасы 19,2%-ға өсті

1126

2022 жылғы маусымда инфляция жылдық есептеуде – 14,5%, бір айда 1,6% құрады.

Азық-түлік тауарларының бағасы 19,2%-ға өсті

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биылғы маусымда азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы маусыммен салыстырғанда 19,2%-ға өскен. Азық-түлікке жатпайтын тауарларға 13,2%-ға, ақылы қызметтерге 9,2%-ға көтерілген.

"2022 жылғы маусымда (2021 жылғы маусымға) азық-түлікке жатпайтын тауарлардың баға өсімі 13,2% құрады. Баға деңгейі жеке қолданылатын тауарларға – 23%, жуу және тазалау заттарына – 20,8%, тұрмыс құралдарына – 19,7%, құрылыс материалдарына – 18,6%, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 18,2%, автомобильдерге – 15,1%, ыдыс-аяққа – 13,9%, тоқыма бұйымдарына – 10,8%, фармацевтикалық өнімдерге 9% өсті. Бір жылда (былтырғы және биылғы маусымға) ақылы қызметтер бағасы 9,2% өсті.


Баға деңгейі қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 15,9%, денсаулық сақтау қызметтеріне – 14,7%, санаторий қызметтеріне – 13,7%, кешенді демалу ұйымдарына – 13,2%, шаштараздар бен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 12%, қонақ үй қызметтеріне 5,7% өсті. Жолаушылар көлігі қызметтері 4% қымбаттады. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер электр қуатына – 7,5%, қоқыс шығаруға – 2%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға 1,4% жоғарылады, ал орталықтан жылытуға – 2,3% және ыстық суға 0,9% төмендеді", – деп жазылған бюро статистикасында.

2022 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 30,2%, ақылы қызметтер – 29,1% құраған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу