Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында қазіргі азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру құралдары тиімсіз болып отырғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Қазіргі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру құралдары тиімсіз болып отыр. Жергілікті бюджеттен сауда желілеріне азық-түлік тауарларын арзанға сату үшін 30 млрд теңгеден астам іс жүзінде тегін қарыз бөлінді. Қазіргі жағдайда бұл шешім жаман емес. Алайда, бұл шараның нарыққа әсері 1-4% аралығында ғана", – деді Президент.
Мемлекет басшысы нарықтағы тұрақтандыру қорлары өнімдерінің үлесі 4%-дан аспайтынын жеткізді.
"Форвардтық сатып алу құралы да жеткілікті іске қосылмаған. Әкімдер орталыққа бас шұлғып отырмауы керек, өңірлер үшін жауапкершілік өз қолдарыңызда, сондықтан үкіметке "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, қолданыстағы құралдардың тиімділігін бағалауды және неғұрлым тиімді шаралар пакетін ұсынуды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құралай Құдайберген