Бұл жолы жәрмеңкеге Түркістан облысының тауарөндірушілері өнім жеткізеді, деп хабарлайды inbusiness.kz өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәрмеңкеге өңірдегі 71 тауар өндірушінің өнімдері тиелген 40 жүк көлігі жолға шықты.
Жәрмеңкеде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына құны 478 млн теңгені құрайтын 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері 15-20% төмен бағада ұсынылады.
Атап айтсақ, жәрмеңкеге 113,5 тонна ет және ет өнімдері, 165,5 тонна көкөніс, 23 тонна картоп, 72 тонна сүт өнімдері, 69 тонна бақша өнімдері, 34 тонна жеміс-жидек, 8 тонна бал, 31 тонна жеміс шырындары мен консервіленген өнімдер, 11 тонна балық, 20 мың дана жұмыртқа және 2 тонна нан өнімдері жіберілді.
Әкімдік мәліметіне сүйенсек, биыл 7 айда ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 338,9 млрд теңгені құрап, 104,4 пайызға артқан. Республикадағы үлесі 14,2 % – 1 орын. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 30,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 102,7пайызға ұлғайған. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске қосылған.
"Бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдары 859,9 мың гектарға орналастырылып, дала жұмыстары толығымен аяқталды. Өткен жылдан 14,4 мың гектарға ұлғайды. Бүгінгі күнге 428,5 мың тонна дәнді дақыл, 325 мың тонна картоп, 1042 мың тонна көкөніс, 1513,8 мың тонна бақша өнімі және 110 мың тонна жеміс-жидек жиналды", – деп жазылған хабарламада.