Үкімет отырысы барысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мәдениет нысандарын жаңғырту барысы туралы баяндамаларды тыңдады және Қазақстанның мәдениет саласын әрі қарай дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Премьер-министр мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттер тұрғысынан мәдениет саласын дамыту және халыққа мәдениет нысандарының қолжетімділігін арттыру жөніндегі алдағы шараларды әзірлеу қажет екенін айтты.
Бақытжан Сағынтаев Астананың қоғамдық орындарында мәдениет ұйымдарында өтіп жатқан барлық оқиға туралы азаматтарды құлақтандыратын ақпараттық бағандар орнату идеясын қолдады.
Сондай-ақ үкімет басшысы халық еліміздің мәдени және тарихи ескерткіштерін тегін аралау мүмкіндігіне ие болуы қажет екенін баса айтты. Осыған байланысты мәдениет және спорт министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірге еліміздегі танымдық және этнографиялық саяхаттарды тегін ұйымдастыру үшін жағдай жасау тапсырылды. Сондай-ақ ел тұрғындары мен қонақтарының мәдениет нысандары мен қызметтеріне максималды қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.