Б. Сапарбаев әлеуметтік МЖӘ-жобаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді

818

Вице-премьердің айтуынша, білім министрлігінің МЖӘ бойынша нақты түсінігі жоқ.  

 Б. Сапарбаев әлеуметтік МЖӘ-жобаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев министрліктердің басшыларымен және облыстар әкімдіктерінің қатысуымен әлеуметтік салада мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Вице-премьер экономика мен саланы дамыту үшін тек бюджеттік инвестицияларды тартып қоймай, жеке инвестицияларды жұмылдыру қажет болғандықтан ел басшылығы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

"2016-2019 жылдары әкімдіктер жалпы сомасы 61 млрд теңгеге МЖӘ жобаларын іске асыруға 140 шарт жасасты. Шығыс Қазақстан облысы және Алматы қаласында бірде-бір шарт жасалмаған. Солтүстік Қазақстан облысында, Маңғыстау облысында бір-бір жобадан қол қойылды", – деді ол.

Б.Сапарбаев онкологиялық және қан айналым жүйесі аурулары қызметтерінің медициналық жабдықтарын МЖӘ бойынша сатып алуда өңірлер артта қалып қойғанын айтты.

"Президент Қ. Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау мен білім беру саласында МЖӘ-ні іске асыру нашар жүргізіліп жатқанын атап өткен болатын. Білім және ғылым министрлігінің МЖӘ мәселелері бойынша нақты түсінігі, пайымы жоқ, жүйелі жұмыс жолға қойылмаған. Қазақстандық МЖӘ орталығы мен БҒМ жобалары бойынша деректердің елеулі айырмашылығы бар", – деді ол.

Сонымен, вице-премьердің айтуы бойынша кейбір өңірлер МЖӘ-нің кіші түрлері бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жобаларды береді. Атырау, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында білім беру жүйесіне инвесторлардың қаражаты тартылмаған. Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында Бес әлеуметтік бастаманың шеңберінде жатақханалардың құрылысы созылуда.

Ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров, білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, ұлттық экономика вице-министрі Жасұлан Мәдиев, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы әкімдерінің орынбасарлары баяндап берді.

Кеңесті қорытындылай отырып, Бердібек Сапарбаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктеріне Ұлттық экономика министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, олардың нақты тізбесімен және ай сайынғы іске асыру мерзімдерімен МЖӘ-нің жоспарланып отырған жобаларының кестесін қалыптастыруды, онлайн режимде бақылауды тапсырды.

"Бүгін министрліктер әсіресе, жергілікті жерде іске асырылатын МЖӘ жобаларының бюджеттік тиімділігін талдамайды. Біз "саннан – сапаға" өтуіміз керек. Мемлекет өз бетінше пайда таба алатын жобаларды басымдық етуі тиіс", – деп нақтылады Б. Сапарбаев.

Сонымен бірге қаражатты пайдалану және құрылыстардың үлгілік жобаларын пайдалану тиімділігіне баса назар аударды.

Одан басқа, кеңесте әлеуметтік саладағы объектілерді жекешелендіру, оларды сенімгерлік басқаруға беру және байқау кеңестерін құру мәселелері қаралды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу