Биньямин Нетаньяху кеңсесі Иранмен соғыс кезінде Израиль премьер-министрінің Біріккен Араб Әмірліктеріне жасырын түрде барып, осы елдің басшысымен келіссөз жүргізгенін мәлімдеді. Алайда БАӘ билігі бұл ақпаратты "негізсіз" деп жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Израиль мен АҚШ Иранға қарсы соғыс жүргізіп жатқан кезеңде ирандық әскерилер бірнеше рет БАӘ аумағына соққы жасаған болатын. Тегеран бұл елдің АҚШ пен Израильмен тығыз қарым-қатынасын сынап отыр.
Сәрсенбі күні Биньямин Нетаньяху кеңсесі X әлеуметтік желісінде Израиль премьер-министрі мен Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян арасындағы кездесу жайлы жазба қалдырды. Бірақ та, көп ұзамай БАӘ Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"БАӘ Израильмен қарым-қатынасы ашық екенін, олардың бәрі ресми түрде жасалған және баршаға белгілі Авраам келісімдері негізінде жүзеге асырылатынын мәлімдейді. Бұл байланыстар құпия немесе бейресми келісімдерге сүйенбейді. Сол себепті ресми түрде жарияланбаған сапарлар немесе құпия келісімдер туралы кез келген мәлімдеме негізсіз болып саналады", – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Авраам келісімдері 2020 жылы Ақ үй басшысы Дональд Трамп президенттігі кезінде Израиль, БАӘ және бірқатар араб елдері арасында жасалған болатын. Reuters агенттігі дереккөзге сілтеме жасап, Нетаньяху мен БАӘ президенті арасындағы кездесу Оманмен шекарадағы Эль-Айн қаласында өткенін және бірнеше сағатқа созылғанын жазды.