Астанада "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ мен Emirates Nuclear Energy Corporation (ENEC, БАӘ) компаниясы арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды "Қазатомөнеркәсіп"-тің баспасөз қызметі.
Меморандумның мақсаты – Қазақстан мен Араб әмірліктері арасындағы бейбіт атом және энергия өндіру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қалыптастыру.
Сондай-ақ меморандумда БАӘ-ның атом станциялары үшін табиғи уран жеткізу, отын фабрикациялау бойынша Қазатомөнеркәсіптің өндірістік кәсіпорындарын пайдалану, жаңа ядролық қондырғылар құрылысында өзара қолдау көрсету, тәжірибе алмасу сияқты ынтымақтастықтың басқа да бағыттарындағы ниеттестік көрініс тапқан.
Құжатқа Қазатомөнеркәсіп тарапынан ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов, ENEC жағынан аға атқарушы директор Мохаммед Аль Хаммади қол қойды.
ENEC – Біріккен араб әмірліктерінің атом энергиясы жөніндегі корпорациясы. Корпорация 2009 жылғы желтоқсанда БАӘ атом энергиясы секторын дамыту, елдегі атом станцияларының құрылысын және одан кейінгі жұмысын бақылау мақсатында құрылған.