Елорда әкімдігі Backstreet Boys концертіне бюджет қаражаты жұмсалмағанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Іс-шараны Astana Concert жеке компаниясы ұйымдастырған. Шоуға 45 елден барлығы 12 мыңнан аса турист келгені жайлы мәлімет тарады. Олардың қатарында Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей және Өзбекстан бар. BSB фанаттарының кейбірі тіпті Африкадан келген.
Туристер саны мен Mastercard төлем жүйесінің мәліметін ескерсек, елорда қонақтары орташа есеппен 3 күн аялдап, күніне шамамен 230 доллар (тұру, тамақ, такси, киім алу) жұмсаған. Осыған сүйене отырып, Backstreet Boys концерті Астанаға шамамен 7,8 миллиард теңге мультипликативті табыс әкелген делінеді.
Әлбетте, бұл сомаға билет құны, әуе және теміржол шығындары кірмейді. BSB концертіне билеттердің бағасы 40 мың теңгеден басталған.
Музыканттардың өтініші бойынша көптеген көрерменнің ақ түсті киіммен келгені фото-видеолардан анық байқалады.
BSB концерті "Larger Than Life" әнімен басталған. Олар бірінен соң бірі бірнеше хитін орындап, көптен күткен жанкүйерлерін қуантты.
Солист Брайан Литтрелл көрермендерге алғысын айтып: "Фанаттарымыздың арқасында бізде жұмыс бар" десе, сөзін бірнеше мәрте қазақша "Рақмет!" деп аяқтаған. Сол арқылы тыңдармандарының қошаметіне де бөленді.
Айта кетейік, Backstreet Boys әлемдік поп-музыка тарихындағы ең табысты топтардың бірі саналады. Олардың 130 миллионнан аса альбомы сатылған, "I Want It That Way", "Everybody", "Shape of My Heart", "As Long As You Love Me" сынды хиттері бір дәуірдің саундтрегі болды деуге негіз бар.