Балықтың жаппай қырылуына химиялық құрамдағы төгінді судың авариялық түрде ағызылуы себеп болуы мүмкін екені болжанған еді. АШМ Балық шаруашылығы комитетінің Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы балық неден қырылғанын әрі одан мемлекетке қанша залал келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Шымкент қаласы аумағындағы, "Бадам" өзенінде балықтың қырылуы бойынша Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы тарапынан құзырлы органдармен бірлесіп, жұмысшы топ құрылып, ағымдағы жылдың 3 ақпанында аталған су айдынында зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте, Еламан шағын ауданы бағытына қарай тартылған канализация құбырының (коллектордың) жарылғандығы белгілі болды. Өз кезегінде, Инспекция өз құзыреті шеңберінде аккредиттелген ғылыми-ұйыммен "Бадам" өзенінде зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 902,6 кг балық популяциясына келтірілген залал анықталды, – делінген инспекция хабарламасында.
Мамандардың пікірінше, өлген балық ресурстарының мемлекетке келтірген залал көлемі 2,3 млн теңге, материалдар қылмыстық құқық бұзушылық бойынша шаралар қабылдауға Шымкент қалалық полиция департаментіне жолданған.