Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Президенттің "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Жолдауын іске асыру барысын тексерді.
Атап айтқанда, Бадамша ауылындағы бірқатар нысандарды көріп, Үкімет басшысы энергетика секторындағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және білім беру сапасын жақсарту ісімен танысты.
Итальялық ENI энергетикалық компаниясының жел электр стансасына барған кезде Премьер-Министрге "Бадамша", "Бадамша-2" ЖЭС-нің жұмысы туралы баяндалды.
Бұл жобаларды іске асыруға 69 млрд теңге жеке инвестиция салынды. Қазіргі уақытта "Бадамша-2" турбиналары Қазақстандағы ең ірісі саналады.
Жоба шеңберінде жыл сайынғы электр энергиясын өндіру шамамен 195 ГВт*сағ-ты құрайды, бұл шамамен 37 мың үй шаруашылығының энергия тұтыну көрсеткішіне тең және CO2 қалдықтарын жылына 172 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Премьер-министрге "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-мен бірлескен жоба – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы гибридті электр стансасының іске асырылу барысы туралы баяндалды.
Arm Wind өндірістік қуатын тексеру барысында Олжас Бектенов экономикалық тұрақтылықты экологиялық тұрақтылықпен үйлестірудің маңызды екенін баса айтты және көміртексіздендіру мен шығарынды мөлшерінің төмендігін ескере отырып, энергетика инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша тұтынылатын электр қуатыңың орташа мөлшері 947 МВт, оның ішінде жергілікті көздермен генерациялау 496 МВт-ты (52%) құрайды.
Электр энергиясының тапшылығы – 451 МВт (48%). Жүктеменің өсу динамикасына, сондай-ақ KEGOC болжамына сүйене отырып, 2028 жылға қарай Ақтөбе облысында электр энергиясын тұтыну көлемі 1 270 МВт-ты құрайды деп жоспарланып отыр.
"Жел және күн электр стансалары Қазақстандағы "жасыл" энергия үлесін арттыруға бағытталған жалпы жұмыстың маңызды бөлігі саналады, олар бүгінде еліміздегі жалпы электр энергиясы көлемінің 6%-ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еліміздегі энергетика секторының 70%-ға жуығы көмір электр стансаларына тәуелді. Өкінішке қарай, елімізде ЖЭО тозуының жоғары деңгейі және қажеттілік көлемінің артуы энергияға тәуелділікке алып келеді. Біз мұны Қазақстанның солтүстік өңірлері мен Ресейден электр қуатын сатып алып отырған Ақтөбе облысының мысалынан көріп отырмыз. Ұзақмерзімді энергетикалық тұрақтылық үшін елімізге энергияның орнықты баламалы көзі қажет", – деп атап өтті Премьер-Министр.
Өздеріңіз білетіндей, 6 қазанда Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша республикалық референдум өтеді. Халық қолдаған жағдайда, атом энергетикасын дамыту елімізді тұрақты әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Президент тапсырмаларын орындау аясында еліміздің шағын қалалары мен ауылдарындағы 1 мыңға жуық мектеп жаңғыртылып, 1,5 мыңнан астам пән кабинеті жабдықталды.
"Сапалы білім тұрғылықты жеріне қарамастан барлық тұрғынға қолжетімді болуы тиіс. Қала мен ауыл арасында білім сапасындағы алшақтықты азайту – Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта біз халықтың әсіресе, ауылдардағы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен дамуына мүдделі белсенді бизнесті толық қолдаймыз", – деп атап өтті Олжас Бектенов..
Бадамша ауылында Премьер-Министр №2 орта мектепті жаңғырту нәтижелерін қарап шықты. 55 жыл бұрын салынған оқу орны өңірде алғашқылардың бірі болып "Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту" республикалық жобасына енді. Заманауи жиһаздар, интерактивті панелдер, компьютерлер сатып алынды, STEAM-зертхана, ART-студия, телестудия, музыка кабинеті, Intellectum холл, кітапхана, акт және спорт залдары жабдықталған.
Премьер-Министр жаңғыртудан кейін қол жетімді болған оқу үдерісінің жаңа элементтерімен танысты. Мектеп оқушылары биоәртүрлілікті қорғау әрі сақтау, медицинада, экологияда, қауіпсіздікте және т.б. қолдануға болатын өсімдіктердің қасиеттерін сараптау және зерттеу саласындағы өз жобаларын ұсынды.
Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев бағдарламаның мақсаты – Қазақстанның 169 аудан орталығы мен 27 моноқаласының әрқайсысында бір тірек мектеп ашу екенін айтты. Ақтөбе облысында бүгінде 12 тірек мектеп құрылды, олардың әрқайсысына 3 шағын жинақталған мектеп бекітілді.
Жоба іске асырылған 3 жыл ішінде еліміздің 134 ауылдық мектебінде материалдық база жаңартылды, 5 мың мұғалім біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысты. НЗМ жетекші оқытушылары білім беру сапасының мониторингін қамтамасыз етеді, ауыл педагогтерін қарқынды оқыту бағдарламасын жүргізеді және оларға әдіснамалық қолдау көрсетеді.