Алматы облысының әкімдігі "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіруге қатысты ресми пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жергілікті биліктің ақпаратына сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасымен балаларды көшіру рәсімін тоқтату туралы шешім қабылданды. Балалар бұрынғы мекенжайында тұрып, оқуын жалғастырады. Заңнамада кепілдік берілген жетім балалардың барлық құқығы толық көлемде қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ балалар қазіргі заман талаптарына толық сай келетін Қонаевтағы жаңа облыстық балалар үйіне де орналаса алады.
"Жедел кеңес өткізіліп, оның барысында басқарушылық шешімдерде қателікке жол берген уәкілетті тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру жүргізу және жауапкершілік шараларын анықтау тапсырылды. Аталған мәселеге жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылады", – делінген хабарламада.
Балалар үйінің ғимаратын беру мәселесі мемлекеттік органдар арасында пысықтау сатысында тұр.
"Мемлекет қамқорлығындағы тәрбиеленушілердің – әлеуметтік қызметтердің толық спектрін алуы, медициналық қызметпен қамтылуы, сондай-ақ кейіннен тұрғын үй алу үшін кезекке қойылуы қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық сақталады", – деп хабарлады облыс әкімдігі.
Айта кету керек, бұған дейін Президент тапсырмасымен Бағанашылдағы балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтінін жазған едік. Министр шу шыққан Бағанашылдағы балалар үйіне барады.