Жолды реттеудің қосымша құралын орнатуға қатысты сынақ өз тиімділігін дәлелдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасында мәлімдегендей, бағдаршамның қосымша "+" секцияларын орнату елордадағы жол-көлік оқиғаларының санын биыл 51%, яғни 94-тен 46-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Ведомствода тәжірибенің өзінің мақсаттылығын дәлелдегенін айтады.
Еске салайық, 2016 жылы Астанада Қазақстанда бұрын-соңды қолданылмаған жолды реттеу құралы қолданыла бастады. Бағдаршамның қызыл түсінің қосымша "+" белгісі орнатылған болатын.
"Осыған ұқсас қосымша белгілер Францияда кеңінен қолданылуда. Ол жолдардың реттемелі қиылыстарында солға бұрылу әрекетін жүзеге асырған кезде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылады. Аталмыш белгі тек солға бұрылатын жүргізушілерге арналған. Дәлірек айтқанда, "+" белгісі бағдаршамның "қызыл" түсінің қарсы бағыттағы жолақпен қозғалып келе жатқан көлік үшін жанғанын түсіну маңызды", - деп мәлімдеді әкімшілік полицияда.
Бұл эксперименттің мәні – трафаретпен салынған "+" (плюс) белгісі бар бағдаршамның қызыл түсінің арнайы қосымша секциясын қиылыстан кейінгі сол жақта орнату. Осы кезде көліктің қауіпсіз солға бұрылуына мүмкіндігі пайда болады. Бұл уақытта "+" белгісі бойынша жүргізушілер қарама-қарсы бағытта қозғалып келе жатқан жүргізушілер үшін қызыл шамның жанғанын, жанбағанын біле алады. "+" белгісі сөнген жағдайда, қарсы жолақтағы көліктер легі қозғала бастайды. Оны өткізу керек. Бұл өз кезегінде жол қозғалысы қауіпсіздігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.