Бұған дейін жемқорлыққа қатысы бар деп күдікке ілікке Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнзоров қызметінен кетті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Бүгін аппараттық кеңес барысында Алматы облысы әкімі Амандық Баталов орынбасары Бағдат Мәнзоровтың өз еркімен қызметінен кеткенін мәлімдеді",– делінген хабарламада.
Жиналыс барысында облыс әкімі бұрынғы орынбасарының атқарған жұмыстарын атап өтті.
"Бағдат Мәнзоров қызметінен өз еркімен кетті. Ол жұмыс істеген уақытында өзін кәсіби маман және білікті жетекші ретінде көрсете білді. Арысты қалыпқа келтіру барысында көп жұмыс істелді. Сонымен қатар оның газбен қамтуға барысында сіңірген еңбегін айта кету керек. Әсіресе блоктық-модульдік қазандықтар орнату бойынша",– деді Амандық Баталов.
Кеңес соңында Бағдат Мәнзоров қатар жұмыс істеген әріптесіне алғыс айтып, сәттілік тіледі.
"Жеті айда аз жұмыс атқарылған жоқ. Бірінші іссапарға облыс әкімімен Арыс қаласына бардым. Біз оны жақсы аяқтадық. Алматы облысы – бұл менің кіші отаным. Бұл аймақта еңбек еткеніме қуаныштымын. Біздің өлкеміз ары қарай гүлдене берсін", – деді Бағдат Мәнзоров.
Бағдат Мәнзоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2019 жылдың шілде айында тағайындалған. Ол тұрғын үй шаруашылық, кәсіпкерлік, туризм саласына жауапты болды.
Ал қыркүйек айында ол тұтқындалып, уақытша ұстау изоляторына отырғызылды. Артынша үй қамағына ауыстырылды. Кейін Бас прокуратура тергеу барысында аталған істі қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты тоқтатқан болатын.