Бағдат Мусин: Біздің мақсатымыз – 2023 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындау

781

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ақтөбе облысына іссапар жасады. Ол Ақтөбе қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО-да азаматтарды қабылдап, облыс халқымен және басшылығымен кездесіп, сондай-ақ жергілікті технопарктің жұмысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдат Мусин: Біздің мақсатымыз – 2023 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындау

Бағдат Мусин Ақтөбе қаласындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында қабылдау өткізіп, азаматтармен әңгімелесті. Тұрғындар авто ХҚКО-ның жұмысын жеңілдетіп жатқан жүйелерге оң баға беріп, құжаттардың да жылдам ресімделе бастағанын айтты. Алайда бюрократияның салдарынан әлі де шешілмей тұрған мәселелер бар екендігін де жеткізді.

Халықпен кездесу кезінде Бағдат Мусин министрлік қызметінің басты бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, Ақтөбе облысындағы 322 елді-мекеннің 226-сында мобильді байланыс бар, қалған 96 ауыл 2024 жылдың соңына дейін байланыспен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқандығы айтылды. Бүгінгі таңда eGov сервистері мен eGov Mobile мобильді қосымшасы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары мен түрлі компаниялардың сервистері арқылы мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуға болады.

Қазір қосымшаларда 24 мемлекеттік қызмет бар, аса қажетті 18 құжаттың цифрлық нұсқасы жасалды – жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, ПТР-тест, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік және т.б.

"Алдағы уақытта біз көптеген мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде ұсынуды көздеп отырмыз, яғни мемлекеттік қызметтерді алу үшін ХҚКО-ға жүгінудің қажеті болмайды. Қазірдің өзінде 23 мемлекеттік қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мәселен, бала тууға байланысты көрсетілетін мемқызметтерді алсақ, жаңа босанған ана СМС-хабарлама арқылы растаса болды, баланың туу туралы куәлігі автоматты түрде ресімделеді. Болашақта мұндай проактивті қызметтер қатары арта түседі", – деді Бағдат Мусин. 

Тұрғындармен кездесу барысында министр ғарыштық мониторинг жайын қозғап, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін Ақтөбе облысының территориясына тәулік бойы түсірілім жасалатынын айтты. Осындай үздіксіз бақылаудың нәтижесінде өрт пен тасқынның географиялық ошақтарын анықтап, жедел түрде арнайы қызметтерді хабардар ету мүмкіндігі бар. Мысалы, биыл сәуір айында Ақтөбе облысының аумағында 17 өрт ошағы анықталып, дер кезінде өшірілді. Сондай-ақ тасқын су қаупі бар аумақтарға да үнемі бақылау жасалады.

Баяндамадан соң мекеме басшысы халықты алаңдатқан сауалдарға жауап берді.

Цифрлық даму министрі ақтөбелік технопаркте ақпараттық қауіпсіздік бойынша жобалармен, робототехникамен және жергілікті ІТ-мамандар ұсынған басқа да инновациялармен танысты.

ІТ-қауымдастық және студенттермен кездесу кезінде Бағдат Мусин ІТ-кадрлар тапшы екендігін, министрлік осы мәселемен айналысып жатқандығын тілге тиек етті.

"Біздің мақсатымыз – 2023 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындау. Алғашқы кезеңде жеке және мемлекеттік мектептерде оқу үшін қазақстандықтарға ІТ-ваучерлер беріледі. Біздің сала басқа экономикалық салаларға қолдау көрсетіп қана қоймай, экономикамызға өз бетінше табыс құя алатынын дәлелдеуі тиіс", – деді цифрлық даму министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу