Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресми сапармен Бахрейн Корольдігіне барды, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрді Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифа қабылдады. Оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебіздері мен тілектерін жеткізді.
"М. Тілеуберді сұхбаттасын Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңімен таныстырды. Өз кезегінде Король ҚР-дің қазіргі даму қарқынын жоғары бағалап, Қазақстан халқының игілігі үшін жүргізіліп жатқан Президент реформаларына қолдау білдірді", - делінген хабарламада.
Тараптар екі елдің өзара іс-қимылының жоғары деңгейін оң бағалағанымен, сауда-экономикалық саладағы қолда бар әлеует толық көлемде пайдаланылмайтыны атап өтілді. Осыған байланысты Қазақстан мен Бахрейн арасындағы ынтымақтастықтың Жол картасын әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, онда одан әрі өзара іс-қимылдың нақты бағыттары көрсетілетін болады.
Сапар бағдарламасы Бахрейннің Сауда-өнеркәсіп палатасындағы келіссөздермен аяқталды. СӨП Төрағасы Самир Насс және Бахрейн бизнес топтарының өкілдерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандыру жолдары, сондай-ақ "Астана" Халықаралық қаржы орталығы мен Бахрейннің Халықаралық ислам қаржы нарығы арасындағы ынтымақтастық қаралды.