Бахрейнде сексуалды құлдықта болған қыздар Қазақстанға қайтарылды

969

Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов Қазақстанның қыздарын Бахрейн Корольдігінде сексуалды құлдыққа салу үшін "тұзаққа" түсіріп отырған қылмыстық топқа қатысты мәлімдеме жасады. 

Бахрейнде сексуалды құлдықта болған қыздар Қазақстанға қайтарылды

Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтарынан құралған қылмыстық топ арам пиғылын 2016-2020 жылдар аралығында жүзеге асырған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Зардап шеккен 39 адамды анықтадық. Олар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Қылмыстық іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып отыр. Олардың үшеуіне іздеу жарияланды", – деді департамент басшысы. 

Санжар Әділовтің айтуынша, қылмыстық топ қыздарды Бахрейнде сексуалды эксплуатация үшін пайдалануға жағдай жасаған. Яғни жәбірленушілерді "шетелде көп ақша табасыңдар, жұмыс істейсіңдер" деп алдап, ел аумағынан тыс жерге шығарып отырған. 

"Соңғы 2 аптада Қазақстанның 6 азаматының шетелдегі тұрғылықты жері анықталды, осыған дейін оларды да сексуалды құлдықта ұстау үшін шетелге шығарған. Сыртқы істер министрлігі және бас прокуратурамен өзара іс-қимыл нәтижесінде қыздар Бахрейннен, Түркиядан және Біріккен Араб Әмірліктерінен қайтарылды. Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру мен басқару бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалды. Таяуда қылмыстық істі тергеу аяқталып, айыптау актісі сотқа жолданады", – деді Санжар Әділов. 

Белгілі болғандай, анықталған барлық жәбірленушілер елге қайтарылды. Қазір оларға ешқандай қауіп қауіп төніп тұрған жоқ. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу