Бахрейнде жоғалып кеткен 24 жастағы қазақстандық қыз туған жеріне оралды, Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қыз табылды, ол өзі үйіне оралды, қазіргі уақытта туған-туыстарының жанында. Қыздың ата-анасы хабарлағандай, оның жағдайы қазір қалыпты. Бірақ, ол психологиялық қатты зақым алғанға ұқсайды, оған қолдау керек", — деп хабарлады Жайнақов.
Жайнақовтың айтуынша, болған жағдайдың мән-жайы әзірге белгісіз.
"Егер оны Бахрейнде күшпен ұстап отырған біреулер болса және қыз олардың үстінен арызданатын болса, біз оларды жауапкершілікке тартуға көмектесеміз", — деді Жайнақов.
Оның айтуынша, қазақстандық дипломаттарға қыздың жоғалып кеткені туралы хабар түскен күні ҚР консулы Бахрейннің криминалдық полициясының басшылығымен кездескен.
"Бұл елдің полициясы өте жылдам жұмыс істеп, іздестіру шараларын жүргізді, оның ішінде қонақ үйлерде көп іздеді. Ата-анасының, полиция мен біздің елшіліктің бірлесе іздеуінің нәтижесінде қыз Қазақстанға оралды деп ойлаймын", — деп түйіндеді сөзін Жайнақов.
24 жастағы Тагина Хайтметованың ата-анасының айтуынша, шілде айының соңында қыз Бахрейнде жұмыс тауып, орналасқанын хабарлаған, бірақ сол уақыттан байланыс үзілген.