"BaiQymyz-2026" фестивалінде 60-тан астам қымыз өндіруші бас қосады

397

Қонақтар ұлттық сусыннан дәм татып, байқаулар мен этноспорт түрлерін тамашалай алады.  

"BaiQymyz-2026" фестивалінде 60-тан астам қымыз өндіруші бас қосады Фото: Astana news

Астанадағы "Қазанат" ипподромында 11-12 шілде күндері ұлттық дәстүрлерді, мәдениет пен қазақтың ұлттық тағамдарын дәріптейтін BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен 60-тан астам қымыз өндіруші, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресейдің Якутия өңірінен келген өкілдер қатысады. Келушілер қымыздың түрлі дәмін татып қана қоймай, оны дайындау дәстүрімен де таныса алады.

Шараның басты оқиғасы – халықаралық қымыз байқауы. Онда үздік өндірушілер өз өнімдерінің сапасын сарапқа салады.

Сонымен қатар фестиваль аясында аспаздық шоулар, ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары, "Үздік қазы" байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ ату жарыстары, сондай-ақ "Қой көтеру", "Жілік сындыру" және ат үстіндегі квиддич секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылады.

Екі күн бойы бас сахнада танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.

Айта кетейік, фестивальге билеттерді ресми платформалар арқылы сатып алуға болады. Келушілер бір күндік немесе екі күндік билетті таңдай алады. Зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу