Астанада өтіп жатқан BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалінде қонақтар қымызбен қатар дәстүрлі шұбаттан да дәм тата алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз негізінен шұбат өндірумен айналысамыз. Фестивальге 1 тонна шұбат пен 200 литр қымыз алып келдік. Қазіргі таңда қолымызда жылқы көп болғанымен, оның 350 басы ет бағытында өсіріледі. Ал сүт бағытындағы шаруашылықты енді ғана дамытып жатырмыз", – деді "Сыр дәмі" брендінің иесі Дамир Әбілда.
Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар ұлттық сусындарды көпшілікке таныстырып, дәстүрлі өнімдерді тұтыну мәдениетін насихаттауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында ұлттық тағамдардың дәмін тату, көрмелер, мәдени және спорттық іс-шаралар, ат спорты көрсетілімдері, отбасылық алаңдар мен танымал өнерпаздардың концерттері ұйымдастырылған.