АҚШ Президенті Джо Байден құны 1,2 триллион доллар болатын инфрақұрылымдық жоспар туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Inbusiness.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Құжатты Өкілдер палатасы қараша айының басында мақұлдаған еді.
Бұл заң бойынша, көлік және электр коммуникациялары, кең жолақты интернет, сумен жабдықтау жүйелері және климаттың өзгеруінен қорғау сияқты салаларды дамытуға қатысты жобаларға қаражат бөлінеді.
Ескере кететін жайт, 1,75 триллион долларлық қосымша әлеуметтік шығын туралы бағдарлама да бар. Бірақ ол Демократиялық партия ішіндегі дау-дамайға байланысты мақұлданбады.
Даму жоспарына арналған қаражат алдағы бес жыл ішінде рет-ретімен бөлінеді. Бұған дейін АҚШ-тың бұрынғы Президенті Дональд Трамп Байденнің инфрақұрылымдық жоспарына АҚШ-ты социализмге итермелеу әрекеті деген баға берген еді.
Табиғат Нұрболат
Фото: globallookpress.com