Бұл туралы inbusiness.kz Associated Press ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Олардың мәліметтері бойынша, бұрғылауға шектеу Солтүстік Мұзды мұхиттың 1,2 миллион гектарына таралады.
Сонымен қатар, АҚШ-тың аумақтық сулары саналатын мұхиттың қалған бөлігінде кен орындарын іздеуге тыйым салынады.
Байден тағы Аляска штатында 5,3 миллион гектар аумақта кен орындарын игеруге тыйым салады. БАҚ хабарлауынша шектеу туралы 13 наурыз жариялануы мүмкін.
Дегенмен Байденнің аға кеңесшілері американдық ConocoPhillips энергетикалық корпорациясына Алясканың солтүстік-батыс аумақтарында мұнай ұңғымаларын бұрғылауға мүмкіндік беретін жобаны мақұлдағанын хабарлады. Жоспарға сәйкес, корпорацияға Виллоу кен орнында үш жерде бұрғылауға рұқсат етіледі.
Мұндай шешім 30 жыл ішінде шамамен 600 миллион баррель мұнай өндіруге мүмкіндік береді, алайда шамамен 280 миллион тонна көмірқышқыл газының шығарылуына әкеледі, яғни Байденнің сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі - таза энергетикаға көшу саясатына қайшы келеді.
Жоба Аляскада мұнайды одан әрі бұрғылау климаттық апатқа әкелуі мүмкін деп дабыл қаққан экологиялық белсенділердің сынына ұшырады. Шешімді осы аптада ішкі істер министрлігі жариялауы керек.