Украина Президенті Владимир Зеленский мен АҚШ Президенті Джо Байден телефон арқылы сөйлесу барысында Украинаның шығысындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу жолдарын, сондай-ақ Украинаға қаржылық және саяси көмек көрсету шараларын талқылады, деп хабарлайды Inbusiness.kz Зеленскийдің әкімшілігіне сілтеме жасап.
"Украина мемлекетінің басшысы Джозеф Байденге мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдағаны үшін алғысын білдірді және Донбаста бейбітшілік орнатуға деген құлшынысын білдірді", – деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Байден мен Зеленский Украинаның энергетикалық тұрақтылығын күшейту үшін жасалатын бастамаларды да сөз етті.Ресей агрессия танытқан жағдайда АҚШ тарапы Украинаға көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.
Киев Ресейді Донбасстағы сепаратистерді қолдады және келіссөз жүргізуге құлық танытпай отыр деп айыптайды. Ол жерде соғыстың басталғанына сегіз жыл болды. Қақтығыс салдарынан 14 мыңға жуық адам қаза тапқан.
Табиғат Нұрболат