АҚШ президенті Джо Байден Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, Израиль мен Палестина арасындағы атысты тоқтату керектігін айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz Ақ үйдің сайтына сілтеме жасап.
Байден Нетаньяхумен Израильдің ХАМАС және Газа секторындағы террористік топтарға қарсы әскери операцияларын талқылап, аймақтағы мәселені шешу үшін Вашингтонның Мысыр және басқа елдермен келіссөздер жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. АҚШ президенті Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын қолдайтынын білдіріп, еврей мемлекетін жазықсыз азаматтарды қорғау үшін қолдан келгенді істеуге үндеді.
Соңғы мәрте Байден Нетаньяхумен 15 мамырда телефон арқылы сөйлескен еді.
Израиль мен Палестина арасындағы шиеленіс 10 мамырдан бері басылмай тұр. Израиль елді мекендеріне мыңдаған зымыран шабуылдары жасалды. Соңғы мәлімет бойынша, бұл елдің 10 бейбіт тұрғыны мен бір әскери қызметкері қаза тапты.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл шабуылдардан осы күнге дейін 220 палестиналық қаза тапқан.
Табиғат Нұрболат