АҚШ президенті Джо Байден екі қылмыстық іс бойынша сотталған ұлы Хантер Байденге рақымшылық жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Байден ұлының әділетсіз қудаланғанын көрсе де, осы уақытқа дейін үндемей келгенін айтты.
"Осы қызметке келген алғашқы күннен бастап Әділет министрлігінің шешіміне араласпайтынымды айтып, уәде бердім. Ұлымның әділетсіз қудаланғанын көрсем де, өз сөзімде тұрдым", – деді Байден.
Қыркүйек айында Байденнің өзі де, оның баспасөз хатшысы да ұлына рақымшылық жасау туралы жарлық шығармайтынын айтты.
Маусым айында алқабилер 54 жастағы Хантер Байденді 2018 жылы қару сатып алған кезде есірткіге тәуелді екенін жасырғаны үшін кінәлі деп тапты. Кіші Байден АҚШ тарихында алғаш рет қылмысы үшін сотталған президенттің ұлы.
Содан кейін қыркүйекте Хантер Байденнің өзі салық төлеуден жалтару бойынша кінәсін мойындады.
Байден 1 желтоқсанда жариялаған мәлімдемесінде ұлының соты "саясатпен ластанғанын" және заңсыз шешімдерге әкелгенін айтты.
Хантер Байден есірткіге тәуелділігін кей адамдардың Байден отбасын көпшілік алдында масқаралау үшін саяси мақсаттарға пайдаланғанын айтты.
"Кешірім жасалғаны үшін алғысымды білдіріп, өмірімді мұқтаж жандарға көмектесуге арнаймын", – деді президенттің ұлы.
Хантер Байденге үкім 12 және 16 желтоқсанда шығарылады деп жоспарланған еді. Оның үстіне ол 2016-2019 жылдары 1,4 миллион доллар көлемінде салық төлеуден жалтарғаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айырыла жаздаған еді.