АҚШ президенті Джо Байден тәуелсіз Палестина мемлекетін біржақты мойындаудан бас тартады, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің (ҰҚК) ресми өкілі Эдриенн Уотсон мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Ақ үйдің басшысы Палестина мемлекетін "біржақты тану арқылы емес, екі тараптың тікелей келіссөздері арқылы" құру керек деп санайды, деп атап өтті Уотсон. Алайда ол Испания, Ирландия мен Норвегияның тәуелсіз Палестина мемлекетін тану туралы шешіміне тікелей түсініктеме бермеді.
Сол күні АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан журналистерге әр ел Палестина мемлекетін тану туралы өз бетінше шешім қабылдай алатынын айтты, деп жазады Reuters.
Бірнеше күн бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы 143 дауыспен палестиналықтарға Біріккен ұлттар ұйымында жаңа "құқықтар мен артықшылықтар" беру туралы шешім қабылдады. Германия, Австрия, Ұлыбритания, Италия мен Украина дауыс беруден бас тартты. АҚШ, Израиль, Венгрия мен Чехия қарсы дауыс берді.