Байден: Путин Еуропаны ядролық қарумен қорқытпақшы

1230

Ресей Президенті Владимир Путин Еуропаға қарсы ядролық қару қолдануы мүмкін екенін ашық айтты.

Байден: Путин Еуропаны ядролық қарумен қорқытпақшы

Бұл туралы АҚШ Президенті Джо БайденНью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Байден әлемде бір адамның қалауымен ешкімге қажетсіз, жойқын соғыс жүріп жатқанын еске салды. 

"БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі көршісінің аумағына басып кірді, егеменді мемлекетті әлем картасынан өшіруге тырысып бағуда. Ресей БҰҰ Жарғысының негіздерінің барлығын бұзды", – деді АҚШ президенті.

Байден бүгін Ресейде басталған ішінара мобилизациялау туралы шешімге және Украинаның бір бөлігін аннексиялау үшін өткізетін референдумдарға қатысты пікір білдірді. АҚШ басшысы Ресей құрамына Киев бақыламайтын аумақтардың кіруі туралы референдумды көз бояушылық деп бағалады. 

"Путин Ресейге қауіп төніп тұрғандықтан, оған осылай әрекет ету керек деді, бірақ Ресейге ешкім қауіп төндірмеді. Ресейдің өзінен басқа ешкім қақтығысты қаламады", – деді Америка басшысы.

Сондай-ақ АҚШ президенті Ресейдің Украинаның азаматтық және мәдени нысандарына жасаған шабуылдарын және азаматтарды жаппай өлтіруді айыптады. 

"Аталмыш соғыс Украинаны мемлекет ретінде өмір сүру құқығынан айыруға бағытталған", – деді АҚШ президенті.

Байден тағы бір рет Украинаға қолдау білдіріп, АҚШ соғыстың аяқталғанын қалайтынын білдірді. Вашингтон Ресейдің НАТО елдеріне шабуылына жол бермеу үшін одақтастармен тығыз жұмыс істейтінін жіткізді.

Динара Мұрат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу