Байден жанармай бағасының күрт өскеніне мұнай өндіруші компаниялар кінәлі деп жариялады

479

Американдық мұнай компаниялары әлемдік энергетикалық нарықтағы жағдайдың арқасында қыруар пайда тауып отыр, бірақ елдегі жанармай бағасын төмендетуден бас тартып, американдықтарды қолдау жөніндегі міндеттемелерін орындағылары келмейді.  

Байден жанармай бағасының күрт өскеніне мұнай өндіруші компаниялар кінәлі деп жариялады Фото: CNBC

Бұл туралы дүйсенбіде АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйде журналистерге сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Мұнай өнеркәсібі Америкаға инвестиция салу, американдықтарды қолдау жөніндегі міндеттемелерін орындамай келеді. Ірі мұнай компаниялары бірінен соң бірі рекордтық пайда туралы есеп берді және бұл олардың жасаған жұмысы үшін адал сыйақы мөлшерінен асып түсетін, адам сенгісіз қыруар қаржы. Соны пайдаланып Америкаға инвестицияларды көбейтудің немесе американдық тұтынушылар үшін жағдайды жақсартудың орнына, олар өздерінің артық кірістерін акционерлерге таратуда", — деп наразылығын жасырмады Байден.

Америка Құрама Штаттарының әкімшілігі Конгреспен елдегі жанармай бағасын төмендетуден бас тартқан, табысы артылып жатқан американдық мұнай компанияларына салықты көтеру мен басқа да шектеулер енгізу мәселесін қарастыруда, деді Байден.

Сонымен қатар, Джо Байден мұнай компанияларын артық кірістерді тым құрғанда өндіріс қуаттылығын арттыруға жұмсаудың орнына өз акцияларын сатып алумен айналысқаны үшін сынға алды.

"Менің ойымша, олардың міндеті — өз тұтынушыларының, өз елінің мүддесі үшін әрекет ету - өндіріс пен қайта өңдеу қуатын арттыру арқылы Америкаға инвестиция салу. Мүмкіндіктері бола тұра мұны істегісі келмей, тұтынушылар үшін жанармай бағасын төмендетуден бас тартқандықтан, тым артық пайда көргендерге салық салынады, басқа да шектеулерге тап болатынын ескертемін", — деп атап өтті президент.

Ол бұл компаниялар үшін "өз міндеттерін орындау уақыты келді" деп атап өтті.

Байден американдық мұнай компанияларының қыруар пайдаға кенелуін шектен тыс деп санайды және мұны Ресейдің Украинада әскери операция жасауымен байланыстырады. Бір сөзбен айтқанда компаниялар соғыстан пайда тауып отырғандай көрінеді. 

"Соңғы алты айда алты ірі мұнай компаниясы 200 күнге жетпейтін уақыт аралығында 100 млрд доллар табыс тапты", — деді ол дүйсенбіде Ақ үйде.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу