Байденнің Тоқаевқа сәлемі: АҚШ Қазақстанмен байланысты күшейтеді

520

Қазақстанға сапары жайлы өткен аптадан бері белгілі болған АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Астанаға жетті. 

Байденнің Тоқаевқа сәлемі: АҚШ Қазақстанмен байланысты күшейтеді

Табаны қазақ жеріне тие салысымен, Энтони Блинкен Тоқаевқа Байденнің сәлемдемесін айтып үлгерді. Ақ үй басшысы: "Ресми Вашингтонның Ақордамен байланысты тереңдетуге мүдделі екенін жеткіз",- депті. Блинкен мырза, сондай-ақ, Орталық Азияның сыртқы істер министрлерімен кездесті. 

Дипломат Елордаға түнгі 2 де табан тіреді. Онымен бірге ұшқан батыс журналистері әр сәтін жариялап отырды. Мәселен, дипломатиялық тілші Шон Тендон Астананың суық екенін әрі Блинкенді күту кезінде министрлік қабырғасында 18 ғасырдың қазақ көсемі Әбілқайыр ханның портреті ілініп тұрғанын өзінің твиттер парақшасында жазды. Құрметті мейманды министр Мұхтар Тілеуберді қарсы алды. Өзара жүздесуде не айтқаны беймәлім. Себебі жабық есік жағдайында өтті. Дәл солай с5+1 форматындағы Орталық Азияның сыртқы істер министрлерінің басын қосқан отырыс та жабық болды. 

"С5+1 форматы ХХІ ғасырда климаттың өзгеруі, суды ұтымды басқару, техника дағдыларын үйрету және жастарымызға ағылшын тілін үйрету мәселелерін шешу үшін АҚШ-тан инвестицияға және озық технологияға қол жеткізу үшін тамаша платформаны ұсынады. Қазақстан үшін АҚШ Нидерландыдан кейін 60 млрд доллар инвестиция салған екінші ел. Біздің екі жақты тауар айналымымыз 37%-ға артып, 3,05 млрд долларға жетті", дейді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Блинкенді Тоқаев та қабылдады. Егемендігімізді тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді. Ал Америка дипломаты Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерді жоғары бағалады. 

"Біздің қарым-қатынастарымыз берік және байланыстарымыз күшейе түседі. Біз осы бағыттан айнымаймыз. Ең жоғары деңгейде өзара іс-әрекет жасауға ниеттіміз. Мен осында келгеніме және ынтымақтастығымызды нығайтуға өз үлесімді қосқаныма өте қуаныштымын", дейді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу