Биыл Байқоңыр ғарыш айлағынан пайдаға аспай тұрған жүздеген нысандар алынып тасталады, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
"Көктемгі маусымның басында Байқоңыр ғарыш айлағында жұмыста пайдаланылмай тұрған, әрі қарай да пайдалану перспективасы жоқ нысандарды утилизациялау бойынша жұмыс жалғасады. 2018 жылдың соңына дейін жүздеген нысандарды өңдеуге жөнелту жоспарланған", - дейді ғарыш айлағының өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, қазір Ресей мен Қазақстанның өкілдері утилизацияға кететін нысандар тізімі мен оларды жою тәртібін келісіп жатыр.
2017 жылы 400-ге жуық нысан керексіз деп танылды. Оларды утилизациялауды қазақстандық "Инфракос" компаниясы жүзеге асырды. 2017 жылы шығарылған нысандардың басым бөлігі № 3 алаңнан алынды, онда ескі оттегі-азот зауыты мен зауыт жұмысымен айналысатын әскери бөлімшенің әскери қалашығы сорналасқан болатын.
Сондай-ақ бұрынғы теміржол полкінің аумағында да қондырғылардан тазарту жұмыстары жүреді.
Оның айтуынша керексіз деп танылған заттардың бәрі қайта қолдануға іріктеледі.