Байқоңыр қаласында Қазақстанның білім стандарттарымен жұмыс істейтін екі балабақша ашылды. Бұл туралы жергілікті Qyzylordatv мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір қаладағы 16 балабақшаның үшеуі қазақстандық білім стандартымен жұмыс істейді. Олардың қатары күрделі жөндеуден өткен тағы 2 балабақшамен толықты. Оның біреуі 240 орынға арналған мемлекеттік балабақша болса, екіншісі 120 орынға жоспарланған жеке балабақша.
"Қазір Ресей тарапында болған Байқоңыр қаласындағы балабақшаларды Қазақстан балансына алып, еліміздің білім стандартына сәйкес оқытуға мүмкіншілік туып отыр. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады. Осылайша жыл соңына дейін мектепке дейінгі ұйымдарға кезек мәселесі шешіледі", - деді ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай.
Айтуынша, биылғы жылдың ортасына дейін тағы бір балабақша қазақстандық білім стандартына өтеді.